Ақтауда әскери теңіз күштеріне қабылданған жас матростар ант тапсырды

Еліміздің әскери теңіз күштеріне қабылданған жас матростар бүгін ант тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Салтанатты рәсім Ақтаудағы жауынгерлік база алаңында өтті. Сапта тұрған 100 матрос бұдан 1 ай бұрын Шығыс Қазақстан және Павлодар облысынан армияға шақыртылған. Осы аралықта бозбалалар теңіз терминдерін жаттап үлгерді. Алыстан арнайы келген жақындары ұлдарының өз Отанын қорғауға уәде берген сәтін көрді. Арнайы жасақ көрсеткен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін тамашалады. Бұдан соң әскери бөлімді аралап, командирлер құрамымен танысты. Алдағы күндері матростар жалпы әскери дайындық курсынан өтеді. Одан әрі әскери теңіз мамандықтарын меңгереді.

Насихат Есхатов, ҚР ӘТК №29011 Ә/Б матросы:

- Жауынгер достарымды құттықтаймын. Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей, «Отан - оттан да ыстық». Біз, әскери теңіз күштерінің матростары елімізді, жерімізді қасықтай қанымыз қалғанша қорғауға ант етеміз.