Шымкентте бауыр ауыстыруға мәйіт доноры алғаш рет қолданылды

Шымкентте алғаш рет мәйіттің ағзасы созылмалы бауыр циррозына шалдыққан науқасқа алмастырылды. Қалалық клиникалық ауруханада жасалған операция алты сағатқа созылып, сәтті өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы науқастың жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылғанын мәлімдеді. Қазір 5 жылдан бері диспансерлік есепте тұрған 44 жастағы азаматтың жағдайы бірқалыпты. Жақын арада ауруханадан шығарылуы мүмкін. Дәрігерлер оның жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр. Ал өлі донордың өзге ағзасы Астана мен Алматы қаласындағы емдеу мекемесіне санавиациямен жеткізілді. Мәйіт донорлығына марқұмның туыстары заңды түрде келісімін берген. Осылайша бес адамның өмірін аман алып қалуға сауапты іс жасап отыр. Шымкентте жыл басынан бері 20-дан аса ағза алмастыру операциясы жасалды.

Айгүл Бекбауова, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы аптаның соңына дейін науқастың жағдайына қарай үйіне шығару жоспарланып отыр. Әрине ол амбулаториялық деңгейде және стационарлық бейінді мамандардың бақылауында болады. Шымкент қаласында 500-ге жуық науқастар диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде бауыр да бүйрек те бар. Ол созылмалы гемодиализ алып жатқан науқастар. Көбінесе бізде операция туыстық донормен жүргізіледі.