Жамбыл облысында 600-ге жуық жұмыс орыны ашылды

Жамбыл облысында «Тұрғындардың тұрмысын арттыруға арналған жоба» аясында 600-ге жуық жұмыс орыны ашылды.

Бұл жайында Премьер-Министр орынбасарының өңірге  жұмыс сапары кезінде  айтылды. Алтай Көлгінов 3 ауданында болып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған жобамен танысты.

Алтай Көлгінов алдымен Қордай ауданындағы модульді құс фермасында болды. Мұндағы 12 модульде 20 мың бас құс өсіріледі. 2025 жылға дейін жүзін салу жоспарда бар. Вице-премьер Меркі және Байзақ аудандарына да барды. Пилоттық жобаның бес бағыты бойынша тұрмысын тіктеген елдімекендердің бірі ­­- Қостөбе ауылдық округі. Мұнда жеңілдетілген несие алып, ісін бастағандар көп. Солайша ауылдықтар әлеуметтік жағдайын да түзеп алған. 

Болат Сағынбеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл жоба іске асқанға дейін біздің осы округте 146 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болған. Бүгінгі күнге бар болғаны екі-ақ отбасы қалды. Сөйтіп 256 азамат жеке кәсіпкер болып тіркелді. Сүт бағытында ет бағытында, мал бордақылау сондай жұмыстарын тиянақты жүргізіп жатыр.

Бұған дейін әр отбасының орташа айлық табысы 63-93 мың теңге аралығында болса, бүгінде 239 мың теңгеге жеткен. Пилоттық жобаның төртінші бағыты – мал шаруашылығына ден қойған 250 азамат, 4443 ірі қара сатып алып, 4 жылда мал басын көбейткен. Бүгінде олар жаңа техникаға да қол жеткізіп отыр.  

Вице-премьер жоба аясында шұжық цехын ашып, қияр өсірген тұрғындардың да кәсібін көрді. Жобаны әрі қарай дамыту үшін жергілікті билік республикадан қосымша 20 млрд теңге қаражат сұраған. Жұмыс сапары соңында Алтай Көлгінов «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің жұмысымен танысты. 

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә