Өскеменде жаңа трамвайлар жолға шықты

Өскемен қаласының көшелерінде 40 жылдан аса уақыттан соң жаңа трамвайлар пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті ДЕПО-ға 4 жаңа вагон келді. Коммуналдық кәсіпорынның паркін жаңартуға инвесторлар 800 миллион теңгеден астам қаржы салған. Өйткені трамвайлар әбден ескіріп, тозған еді. 2018 жылы 118 миллион теңгеге сатып алынған алматылық трамвайлар 1980-1990 жылдары шығарылған. Жаңа вагондардың жүріп-тұруы үшін қалада ұзындығы 4 шақырымдай рельс жөнделді. Өйткені шаһар тұрғындарының 30 пайызы әлі күнге дейін трамваймен жүргенді жөн санайды. Қазақстан бойынша трамвайлар қатынайтын 3-ақ қала қалғанын да естеріңізге сала кетейік. Олар – Өскемен, Павлодар және Теміртау.

Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:

- Қалада 40 жылдан бері трамвайлар жаңарған жоқ. Оны облыс орталығының тұрғындары ұзақ күтті. Трамвай паркінің жұмысшылары вагондарды жаңартуды көптен сұрап жүрген еді.

Жақсылық Омар, қала әкімі:

- Өскемен қаласына қуанышты жаңалық. 40 жылдан кейін жаңа трамвайлар келді. Бұл Беларуссияның Минск қаласында жасалынған жаңа трамвайлар. Қазір төртеуі қалаға келді. Оның екеуін біз осы қазір жолға шығардық. Бұл трамваймен жүретін біздің қаланың тұрғындары үшін өте зор қуанышты жаңалық деп есептейміз. Осы трамвайлар енді халыққа қызмет етеді деп үміттенеміз.