Елімізде шала туған сәбидің 40%-не көз ауруы диагнозы қойылады

Елімізде жыл сайын 22 мыңға жуық бала шала туады. Олардың 40%-не көз ауруы диагнозы қойылады екен. Ауыр дертті дер кезінде анықтап, емдемесе, баланың жанары су алуы мүмкін.

"Қазақстан халқына" қоры 14 өңірге арнайы скрининг және емдеу жабдықтарын алып берді. 15 жасар Абылайдың көзі мүлде көрмейді. 8 айында өмірге келген оған ретинопатия диагнозы қойылады. Жеткіншектің жанары су алса да, кеудесі жалындап тұр. Музыкаға әуес, есепті шемішкеше шағады. Ағылшын тілін де бір кісідей меңгерген. Арманы асқақ өренге кішкентайында 2 операция жасалды. Бірақ кештеу. Нәтижесі де әзір байқалмайды. Ал Абылай күдер үзбеген.

Абылай Мұстафин, оқушы:

- Мен мектептен шығамын. Сосын үй тапсырмасын орындаймын. Бос уақытта музыка тыңдаймын. Германия және Турцияда өткен олимпиадаға бардым. Менталды арифметика бойынша Германияда гран-при жеңіп алдым. Турцияда бірінші орын алдым.

Абылай білім алатын Елордадағы №10 гимназияда 10-нан аса оқушыға ретинопатия диагнозы қойылған. Өзіңіз ойлаңызшы, жыл сайын елімізде 21 мыңнан аса нәресте шала туады. Олардың жартысына жуығынан ауыр көз ауруы анықталады. Оны дер кезінде емдемесе, нәресте соқыр болып қалуы мүмкін.

Динара Саукенова, офтальмолог дәрігер:

- Өкінішке қарай, бұрын жабдықтар барлық жерде болмады. Маман да тапшы. Былтырдан бері қайырымдылық қорлардың арқасында, негізгі перзентханаларға құрал-жабдықтар алынды. Дертті анықтау үшін жіті скрининг қажет. Ол 31-40 апта аралығында жасалады. Яғни қалыпты туу кезеңінде емдеп, қажет болса операция жасау маңызды.

Ретинопатия Қазақстан ғана емес, әлем офтольмологтарының да назарында. Себебі, көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Бұған скринингтеу мүмкіндігінің артуы да әсер еткен. Елордадағы ана мен бала орталығында операция жасалатын бөбектердің 60 пайызы өңірлерден келеді. Бұл негізінен солтүстік және шығыс аймақтар. Қалған облыстарды Алматы қабылдайды.

Динара Саукенова, офтальмолог дәрігер:

- Бұл - ретиналды камера. Оны шала туған балаларды скринингтеу үшін қолданамыз. Құрылғыны баланың жанына апарып, осы камера арқылы дерттің бар-жоғын анықтаймыз. Осылайша, көз торының жағдайы мына мониторда көрсетіледі. Бірінші-екінші деңгей болса, баланы әрі қарай бақылаймыз. Үшінші деңгейден асса операция жасаймыз. Айына 20 баланың көріп кетуіне жағдай жасаймыз. 

Өкініштісі, ретинопатия сәбиге қойылатын жалғыз диагноз емес. "Қазақстан халқына" қоры 14 өңірдегі 31 медициналық ұйымға шала туған балалардың көз ауруын анықтайтын скрининг және өзге де заманауи жабдықтарды алып берді.

Диас Бейсенбек, "Қазақстан халқына" қорының ресми өкілі:

- Бұл біздегі шала туған балаларға назар аудару мақсатында жасалып отыр. Бұл бағытқа біз орталықтарды қажетті заманау құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 1 млрд 615 мың теңге қаражатты бөлуді жоспарлап отырмыз.

Бөбектерді зағиптықтан құтқару үлкен нәтиже. Бірақ түйткілдің азаймауына тағы бір себеп бар. Ол маман тапшылығы. Елде офтольмологтарды ынталандыру мәселесі реттелмеген.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт