Ақтөбедегі балабақшада 36 жылдан бері денені суық сумен шынықтыру әдісі қолданып келеді

Бүлдіршіндер күннің ыстық-суығына қарамастан далада салқын су құйынады.

Тұрақты түрде шыныққан балалардың денсаулықтары жақсарған. Сондықтан мұндағы мамандар көп жылғы тәжірибені өзге де балабақшаларға тарату керек деп санайды. 

Бұл балабақшада балаларды суық сумен жуындыру қалыптасқан дәстүр. Жылдың кез-келген мезгілінде белгілі тәртіпке сай жүргізіледі. Қыс кезінде де аулада сумен шайынады. Балалардың қиқулаған дауысына қарап, олардың тоңғанын емес, керісінше үлкен әсер алатындарын байқауға болады. Кейін жүгіріп ішке кіріп, жылы жерде киінеді. 

Милана Шаньгина, балабақша тәрбиеленушісі:

- Менің атым – Милана. Менің сумен шайынып жүргеніме екі жыл болды. Маған өте ұнайды. 

Суық сумен балалардың денсаулығын шыңдауды тәжірибелі жаттықтырушы Ольга Тарасенко жүргізеді. Ол - қыстыгүні суға түсуді әдетке айналдырғандардың бірі. Ал мұнда еңбек еткеніне 40 жылға жуықтаған. Өзінің айтуынша, балаларды салқын суға үйрету - кезең-кезеңмен жүргізілетін процес. 

Балалар да салқын сумен жуынып, шайынуға әбден үйреніп алған. Жалпы, бұл процесс үш жастан бастап жүргізіледі. Ал 4 жастағы бүлдіршіндер далаға жалаң аяқ шығып, жүгіреді. Ал 5-ке толғанда ашық аспан астында үстіне су құйып жуынады. 

Ольга Васенкова, жаттықтырушы:

- Бұл жаттығу жұмысы тек қана ата-аналардың рұқсатымен жүреді. Мен оларға балаларын жазда бассейн немесе өзен-көлге жиі апаруын, ал, қыста суық сумен жуындыруға кеңес беремін. Ал мұнда барлық әдіс-тәсіл, массаж баланы жалаң аяқ жүргізумен өтеді. Мен ұзақ жылғы өз тәжірибемде шынықтырылған баланың тұмау немесе салқын тиіп ауырғанын көрген емеспін. 

Тасмиля Бикмухамбетова, балабақша меңгерушісі:

- Бала кезінде біздің балабақшамызда тәрбиеленген азаматтар қазір бізге балаларын алып келіп жатыр. Әрі бірден суық су арқылы шынықтыруға өтініш береді. Яғни, біздің бұл шарамыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр. Ал денсаулыққа пайдасы өте зор. Бастысы иммунитетті нығайтады. 

Мамандар денсаулықты шынықтырудың әдіс-тәсілін одан әрі жетілдіруді ойлап жүр. Әзірге мұндағы 400-ге жуық баланың 70-і ғана суық сумен жүйелі түрде жуынады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев