Шетелдік көліктерді тіркеу науқаны басталғалы 20 мыңнан аса өтінім мақұлданды

Бірақ көлік жүргізушілердің оннан бір бөлігі ғана қазақстандық нөмірді алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске салайық, шетелдік көлікті тіркеу үшін алдымен электронды түрде өтініш жіберу керек. Кейін Ішкі істер министрлігі оны өңдейді. Егер талапқа сай келсе, өтініш берген азаматты халыққа қызмет көрсету орталығына шақырады. Одан кейін жүргізуші көлікті тексеруге өткізеді. Шетелден әкелінген кез келген темір тұлпарды тіркеу құны – 200 мың теңге. Бұған қоса тіркеу салығы мен техпаспортқа 14 мың теңгедей төлеу қажет.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Легализацияны бастау үшін бізге 3 құжат керек. Бірінші азаматтың жеке куәлігі, екінші көлік құралын тіркеу куәлігі немесе техпаспорты, үшінші  сіз осы көліктің иесі екеніңізді дәлелдейтін құжат. Ол сатып алу-сату туралы келісімшарт. Тағы бір ескерту, ақшаны бірден төлеудің қажеті жоқ. Көлік тексеруден өткенін күткен жөн. Егер темір тұлпарға қатысты ешқандай ақау болмаса, біз көлікті тіркеуге қоямыз. Содан кейін барып ақшасын төлейсіз. Шетелдік көлікті легализациялауға 1-2 күн кетеді.