Түркістанда мамандар жүрекке операция жасауды бастады

Енді Түркістанда жүректі емдеуге толық мүмкіндік бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде заманауи клиника ішінен кардио-хирургия бөлімі ашылды. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін мекеме 40 мыңнан астам адамға тегін медициналық қызмет көрсетеді.

Түркістан қаласының тұрғыны Пернебай Жұманов осы клиникада жүрегіне операция жасатқан ең алғашқы адам. 1 жылдан бері жүрегі сыр беріп жүріпті. Ақыры болмаған соң биыл қаңтар айының басында осында келіп қаралған. Дәрігерлер бір апта тексергеннен кейін бірден операция столына жатқызылған. Жүрек қан тамырлары бітеліп қалғандықтан тамырларын ауыстырған. «Қазір жағдайым жақсы», - дейді.

Пернебай Жұманов, науқас:

- Ашыды жүрегім, ашығаны күннен-күнге күшейе берді. Сәл жүрсем ентігіп, жүре алмай кеттім. Күшейіп кетті. Ашып, кесіп операция жасады. Құдайға шүкір міне он күн болды, жақсы.

Мұнда мемлекеттік тапсырыс және медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүрек қан тамыры ауруына шалдыққан науқастарға операция тегін жасалады. Мамандардың айтуынша, мұнда айына жүрегінде ақауы бар 10-15 науқасқа көмек қажет.

Ағзам Алмасұлы, кардиохирург дәрігер:

- 2004 жылға дейін Қазақстан бойынша жүрекке күрделі операциялар 200-300-ден аспайтын. Қазір жылына 9-10 мың күрделі операциялар жасалып жатыр. Бірақ ол да аз. Өйткені 18-19 млн халқымыз бар. Статистика бойынша әр 1 млн адамға 1 мың операциядан болуы керек.

Облыста жылына жүрек ақауымен 350-ге жуық, ал ми қан тамыры ауруымен 2,5 мыңға жуық науқас тіркеледі. Мамандар бұл дертке шалдыққандардың саны азайып келе жатқанын айтады. Мұндай дертке  заманауи жылжымалы ангиографиялық жүйесі енгізілген операция залының көмегі орасан. Осы арқылы инфарк, инсульт сияқты жүрек, ми және аяқ-қол тамырларына күрделі операция жасауға мүмкіндік береді.

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұрын бұндай науқастарды Алматы, Астана, Шымкентке апарып операция жасайтын едік. Енді Түркістан қаласында операция жасалады. Жүрек, ми және аяқ-қолдың тамырларына 300-ден астам операция жасауға болады.

Айта кетейік, бұл жүйе жақында өңірдегі Сарыағаш пен Сайрам аудандық орталық ауруханаларына да енгізілді.