Түркиядағы отандастарымыз елге оралады

Түркиядағы зілзала салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында 17:00-дегі жағдай бойынша Қазақстан азаматтары жоқ.

Бұл жөнінде еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Қазір бауырлас елде 8 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Ал консулдық есепте 968 отандасымыз тұр. Түркия билігінің айтуынша республика аумағында елдің 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін. Қазір дипломаттар жырақта жүрген жерлестерімізбен байланыс орнатуға барын салуда.

Қазақстан азаматтарына көмектесу үшін Түркияның бірқатар провинциясындағы құрметті консулдар да жұмылдырылды. Министрлік арнайы жедел желіні іске қосты. Экранда көрсетілген телефон нөмірі бойынша хабарласып, көмек сұрауға болады.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Мерсин қаласындағы құрметті консул Түркия азаматы Ахмет Будан қонақ үйде Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті панамен қамтамасыз етті. Бүгін осы 19 қазақстандық студент құрметті консулдың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді және олар бүгін кешке Анкара-Астана рейсімен Қазақстанға қайтады. Сондай-ақ, Конья қаласындағы құрметті консул Мұстафа Кабакчы 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстамбұлға жетуге көмек көрсетті.

Сондай-ақ, бүгін Түркияның Газиантеп қаласынан ел азаматтарын Қазақстанға жеткізу жоспарланған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше әзірге 18 адам елге қайтуға ниет білдірді. Оның арасында 2 Қырғыз азаматы бар. Олар бүгін бауырлас Түркия еліне зілзаланың салдарын жоюға аттанған қазақстандық құтқарушылардың бортымен оралады. Ұшақ жолға шықты.

Сондай-ақ...