Еліміздің солтүстігінде жұрт Наурыз мейрамын думандатып жатыр

Қыстың сызы кете қоймаған солтүстікте де жұрт наурызды бірнеше күн қатарынан тойлап жатыр. Петропавлда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ойын-сауық өтіп жатыр. Көптен көріспеген ағайын бір-бірін құттықтап, мәре-сәре, деп хабарлайды «Хабар 24».

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Самарханның көк тасы жібіп, күнмен түн теңелетін Ұлыстың ұлы күні еліміздің солтүстігінде де кең көлемде аталып өтіліп жатыр. Бастысы, қыстан қысылмай шыққан ағайын, ортаға келіп, бір-бірін көріп арқа-жарқа.

Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы. Жыл басы саналатын мерекені өңір жұрты сән-салтанатымен тойлауды бастап кетті. 

Ұлыстың ұлы күніне орай шахарға еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес Ресей елінен қолөнершілер жиналды. Өңірде «Қызылжар-шеберлер мекені» атты фестиваль өтіп жатыр. Яғни, он саусағынан бал тамған өнер иелері жасаған бұйымдарын жұртшылыққа ұсынды.   

Айдана Әлайдарова, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі:

- 30-35 жылдан бері киізді қолданыстан шығарып тастадық. Үйіміздің бәрі шаң болды, асты топырақ болды деп, оны апта сайын қағамыз деп оның орнынан синтетикалық кілемдермен ауыстырдық. Қазір екінің бірі аллергия деп жатамыз ғой. Сондай нәрсенің бәрі осы киіздер қолданыстан шыққаннан кейін пайда болып жатыр.

Орталық алаңға ақшаңған киіз үйлер тігілді. Ал түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері ағайынға салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетті. Балалар асық атудан, ер азаматтар қазақ күресі сынды ұлттық ойындарда бақ сынады.

- Көңіл күйіміз жақсы. Біздің Қазақстанымыз гүлдене берсін. Наурыздан наурызға жылда жете берейік. Ақ мол болсын! Уайым жоқ болсын!

- Ассалаумағалейкум, менің қазағым! Аман-есен жүрмісің? Уа халқым, қош келдіңіз осы тойға! Ақ ниетпен жайылған дастарханға. Бүгінгі күні бір-бірімізге қуаныш пен денсаулық тілеп, «Қош келдіңіз» деп айттым ағайынға.

Жергілікті көркем өнерпаздардан бөлек, жұртшылыққа Қазақстан эстарадасының жарық жұлдыздары әннен шашу шашты.

Мерекелік бағдарлама бірнеше күнге созылады. Наурыз мерекесі орталдық алаңнан бөлек, аулаларда да аталып өтілетін болады. 

Авторы: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.