Атыраулық оқушылар қағаз қалдықтарын кәдеге жаратып жатыр

Атыраулық балалар қағазды қайта өңдеп, пайдаға жаратып жүр. Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде мектеп оқушылары қалдық қағазды кәдеге жаратып, көздің жауын алатын дүниелер дайындайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір «ЭкоLAB» үйірмесінде 20-ға жуық оқушы білім алып жүр. Балалар арнайы құрылғының көмегімен қағаз қалдықтарын ұсақтағаннан кейін оны ұнтақтап, сумен араластырады. Сосын түрлі қағаз бұйымдарын жасайды. Шикізаттың өзі 2-3 күн дайындалады. Экологиялық мәдениет қалыптастыратын мұндай жобалардың берері мол. Осындай бастаманы балалардың қолға алғаны қуантады, - дейді мамандар.

Нұргүл Имамұратова, үйірме жетекшісі:

- Менің оқушыларым осындай жоба жасау арқылы экологиялық проблемаларға қоғамның назарын аударғысы келді. Қазіргі уақытта Қазақстанның өзінде жыл сайын 5 млн тоннадан артық қоқыс шығады екен. Қағазды қайта өңдеу немесе қоқыстарды қайта өңдеу көптеген қоқыс полигонына түсетін қоқыс көлемін азайтады, парниктік газдардың көлемін азайтады. Энергияны үнемдейді. Сол сияқты пайдалы жақтары бар.