Жамбыл облысындағы бес баланың өмірін жалмаған өрттің шығу себебі анықталды

Жаңатаста 5 сәбидің өмірін жалмаған өрттің шығу себебі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар бөлмесіндегі тез жанатын зат отқа оранып, арты алапат қызыл жалынға ұласқан деген алдын ала болжам айтылды. Оқиға орнында жылжымалы зертхана мамандары тексеру жүргізді. Олардың айтуынша, көп қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Яғни, пәтер өздігінен жылытылмаған. Тексеру барысында қолдан жасалған пеш немесе басқа да электрмен жылыту қондырғылары анықталған жоқ. Баспана 3 бөлмелі, жалпы аумағы 40 шаршы метрді құрайды. Тілсіз жау соның 16 шаршы метрін шарпыды. Сәбилер иіс тиіп қайтыс болған. Отбасы толыққанды, отағасы медициналық мекемеде жұмыс істейді. Анасы – мұғалім, бала күтімі бойынша демалыста болған. Мамандар өрттен тағы 60 жастағы әйелдің зардап шеккені туралы ақпараттың жалған екенін хабарлады.