Петропавлда жатақханадағы жарылыста күйіп қалған бойжеткен көз жұмды

Петропавлдағы жатақханада газ баллонының жарылуынан зардап шегіп, жансақтау бөліміне түскен бойжеткен он күннен кейін қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1999 жылы туған қыз 1 наурыз күні сағат 23.35 минутта жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Оның денесінің 65%-і күйіп қалған еді.

Естеріңізге салайық, 21 ақпан күні Петропавлдағы Интернационал көшесі, 21 мекенжайындағы 5 қабатты жатақханада газ баллоны жарылды.

Екі адам қаза тауып, 15 адам ауруханаға жеткізілді.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сол үйдің тұрғындары - екі адам ауруханадан шығарылды.

Қазір жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ, үш адам палатада ем алып жатыр.