Ақмола облысында есірткі сатқан екі адам ұсталды

Ақмолалық полицейлер есірткі сатқан және тасымалдаған екі адамды ұстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – 37 жастағы облыс тұрғыны мен 58 жастағы астаналық әйел. Күдіктілерден 24 млн теңгенің 1,5 келіге жуық героины тәркіленген. Ұстау операциясы елордада жүргізіліпті. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша олар 5 мың бөлшекке бөлінген есірткіні Ақмола облысында сатпақ болған. Күдіктілердің бірінің үйін тінту барысында үлкен көлемдегі ақша, есірткілер, электрондық таразылар мен шприцтер табылған.

Мейрам Жаппасов, облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы:

- Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға 297-баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.