ШҚО-да Солоновка өзені арнасынан асып, уақытша көпірді бұзып кетті

Шығыс Қазақстандағы Солоновка өзені арнасынан асып, уақытша көпірді бұзып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдыңғы жылдары тасқын бұл өзеннің үстіндегі үш көпірді де шайып кеткен еді. Екі көпір әупірімдеп қалыпқа келтірілгенмен, орталықтағы ең негізгі көпір сол беті қалған болатын. Оның орнына уақытша көпір салынған.

Енді биылғы тасқын бүкіл ауыл халқы қарап отырған сол уақытша көпірден түк қалдырмады. Қазір екі жағада қалған тұрғындар бір-біріне қатынай алмай отыр. Көлігі жоқтар арғы бетке жету үшін 1,5-2 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Аудан орталығымен де байланыс біршама қиындады.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қатонқарағайда тасқын 8 елді мекенге зардабын тигізді. Кейбір ауылдарға кіреберісті қатынас жолдарын шайып кеткен. Дегенмен де, қарғын су әсіресе, біз тұрған осы Солоновка ауылына қатты тиген.

Осыдан үш жыл бұрын тасыған су осыдан ауыл ішіндегі негізгі көпірді опырып кетсе, енді сол кезде салынған уақытша көпірдің быт-шытын шығарды.

Сөйтіп, Солоновка ауылындағы 800-ден астам тұрғынның аудан орталығына, бергі бетке жетуі біршама қиындады. «Айналма жол бар, бар болғанмен де ол сапасыз әрі қолайсыз», - дейді бұндағы тұрғындар

Өйткені мына беттегі халық балаларын балабақшаға жеткізе алмай қиналса, мына жақтағылар іргедегі медициналық пункт пен мектепке жете алмай отыр.

Қыдырхан Мұқанов – осы ауылдың байырғы тұрғыны. Зейнеткер «ескі көлігімнің арқасында ғана көпірдің жоқтығын сезбей жүрмін», - дейді. Дегенмен де, көпірге бүкіл ауыл тіршілігі тәуелді екенін жасырмайды.

Қыдырхан Мұқанов, Солоновка ауылының тұрғыны:

- Жедел жәрдем көлігі қалай жүреді? Мен міне, жоғарғы жақта тұрамын, мен мына көшенің бәрін ауылды айналып, өзімнің автокөлігім бар, сол көлікпен жүрем, кейбір жерде балаларды отырғызып апара саласың енді. Мына жақтағылар енді ешқайда бара алмайды, не дүкенге бара алмайды, тым болмаса, мектепке баратындар мектепке бара алмайды, қайда отыр бәрі міне, неше күн болды.

Ауыл әкімдігі гидрологиялық құрылғыны қалыпқа келтіру үшін барлық шара жасалып жатқандығын айтады.Тіпті ол үшін бюджеттен қаражат та бөлінген екен.

Динара Батекенова, Солоновка ауылдық округінің әкімі:

- Осы көпірді жөндеуге 24 миллион теңге бөлінді. Біріншіден, біз ана уақытша көпірді жөндейміз, содан кейін негізгі жөндеуге кірісеміз. Осылай біздің ауылдың басты проблемасы шешіледі.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Енді мына уақытша көпірді жөндеу жұмыстары бір аптадан кейін демеушілердің көмегімен басталмақ. Ол үшін 1 миллион теңгеден астам қаражат қажет екен. Ал негізгі көпірді қалыпқа келтіру жұмыстары мамыр айында басталады деп жоспарлануда.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...