Ақмолада 12 жасар бала көлік жүргізіп, жол апатына түсті

Ақмола облысында 12 жасар бала көлік тізгініне отырып, жол апатына түсті, деп хабарлады Polisia.kz.

17 мамырда шамамен сағат 22:00-де Көкшетау қаласының 50 жастағы тұрғыны 8 март көшесіндегі үйдің ауласында көлік тұрағында Mitsubishi Pajero маркалы автокөлігін жөндеп, оны оталдырып, уақытша кетіп қалған. Осы сәтте 12 жасар ұлы әкесінің автокөлігінің салонына өз еркімен отырып, көлікті жүргізген. Салдарынан 8 март көшесіндегі ауладағы металл қоршауды қағып кеткен.

Содан кейін көлік иесі оқиға орнынан көлікті айдап кетіп, бұл туралы ІІО-ға хабарламаған. Алайда тұрғындар болғанның бәрін телефон камерасына түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялады. Нәтижесінде бір сағаттан кейін полицейлер жүргізушіні анықтап, осы факті бойынша жауапқа тартты. Автокөлік иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.