Батыс Қазақстан облысында 22 адамды кене шаққан

Биыл Батыс Қазақстан облысында 22 адамды кене шаққан. Бұл енді ресми тіркелгендері.

Яғни дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер. Кенеден зардап шеккен тұрғындар 14 күн медициналық бақылауда болды. Ең бастысы, ешқайсысынан ауру белгілері байқалмады. Қазір көкке шыққанда, әсіресе таулы жерлерде серуендегенде азаматтар сақтық шараларына мұқият болғаны дұрыс дейді сала санитар мамандары. Қансорғыштар жұқпалы індет түрлерін тасымалдауы мүмкін. Былтыр аймақта 265 адамды кене шаққан. Қауіпті жәндіктер Орал қаласы мен Жаңақала, Бәйтерек аудандарында көп кездеседі. Биыл 1500 гектарға жуық аумақта дезинфекциялау шаралары жүргізілген.

Гүлмира Кажушева, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Жыл сайын орташа есеппен алғанда кене шағудың 300 жағдайы тіркеліп отырады. Бізде кене энцефалиті, қызба аурулары, тулерямия аурулары тіркелген жоқ. Сәуір айында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары өткізілді. Өңдеу тиімділігі 91,3 процентті құрады.