Жамбыл облысында көп балалы әкелер әлеуметтік жәрдемақыны заңсыз алып келген

Жамбыл облысында 27 көп балалы әке екі жыл бойы әлеуметтік жәрдемақыны заңсыз алып келген. Олар қаржыға өтініш берген кезде «балалар өзіммен бірге тұрады» деп көрсеткен.

Ал шын мәнінде балалар анасымен тұратыны анықталды. Салдарынан мемлекетке 14 миллион теңге шығын келген. Мұндай деректі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті жариялады. Өтірік айтқан әкелер енді бөлінген қаржыны қазынаға толық қайтаруы тиіс. Әзірге республикалық бюджетке 150 мың теңге ғана түскен. Сонымен қатар 18 адамның жәрдемақы алуы үшін бала санын ай сайын көбейтіп көрсеткені әшкереленді. Қазір 38 дерек бойынша тексеру жүріп жатыр.

Равиль Төлебаев, ҚР СЖҚІҚА Жамбыл облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары: 

- Бұл заң бұзушылықтардың барлығы өтініш қабылдау кезінде сот шешімін талап етпеудің кесірінен туындап отыр. Стандарт бойынша ата-аналардан ондай құжат сұралмайды. Соны дұрыс жолға қоя алсақ, заңды белден басуға жол берілмес еді. Біз тиісті министрлікке өтініш қабылдау тәртібіне өзгерту енгізу туралы ұсынысымызды жолдадық.