БҚО-да 400 тонна шөп отқа оранды

Батыс қазақстан облысында 400 тонна шөп отқа оранды.

Оқиға Сайхын ауылдық округіндегі шаруа қожалығында болды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қытымыр қысқа дайындалған 2 мың дана орама шөп түгел жанып кетті. Қызыл жалынның шығу себебі анықталып жатыр.

ӨСКЕМЕНДЕ САЯЖАЙДАН ӨРТ ШЫҒЫП, БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Өскеменде саяжайдан өрт шығып, жеке тұрғын үй жанып кетті. Сонымен қатар тұрмыстық жабдықтар, шаруашылық нысандары, гараж бен автокөлік өртенді. Кейін газ баллоны мен жанармай жарылып, тілсіз жау көрші аулаға да жеткен. Лаулаған қызыл жалын 180 шаршы метр аумақты жалмап үлгерді. Құтқарушылар өртті сөндірді. Сау-тамтығы қалмаған үйден ер адамның мүрдесі табылды. Мамандардың болжауынша, оқиға қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болған.

АТЫРАУДА ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕСІРТКІ ЕККЕН ТҰРҒЫНДАРДЫ ҰСТАДЫ

Атырауда полицейлер есірткі еккен 2 тұрғынды ұстады. Біреуінің ауласынан күтіп-бапталған 21 түп, ал екіншісінен 4 түп сора өсімдігі табылды. Еліткіш шөптерді өсіру және сақтау деректері бойынша күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ҰРЛАНДЫ

Тараз қаласында жаңадан салынып жатқан үйден құрылыс материалдары ұрланған. Мүлік иесіне 480 мың теңге шығын келтірілді. Полиция қызметкерлері тез арада 34 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Ол құрылыс материалдарын тапа-тал түсте жымқырған. Қазір «Ұрлық» дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 3 МЫҢ ДОЗА ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ

Жамбыл облысында полицейлер Шу тұрғынан 3 мың доза есірткі тапты. Тауар құны шамамен 1,5 млн теңгеге бағаланады. 44 жастағы күдікті «Қайнар-Қордай» бағытындағы автожолда ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап отыр.