Шымкенттегі жылу жүйелерінің 40%-і тозған

Ескі магистральды құбырлардың басым бөлігі өткен ғасырда пайдалануға берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан қатты суыққа шыдас бермейді. Соңғы жылу маусымында 200 құбырдың ақауы жамалып-жасқалған.

Ал, биыл шымкенттіктердің пәтері жылы бола ма, болмай ма?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Құрманбеков көшесіндегі жылу жүесін пайдалану мерзімі бірнеше жыл бұрын аяқталған. Соңғы жылдары осы құбыр жиі тесіліп, тұрғындар мен коммуналдық қызмет мамандарының жүйкесін жұқартқан.

Нұрбек Орынбаев, «Қуатжылуорталық-3» МКК бас инженері:

- Бұл жылу құбырлары өзіңіз көріп тұрғандай тозығы жеткен. Бұл құбырлардың жер астына салынғанына 30-35 жылдан асқан. Бұл жылу маусымында өте қатты мазалайтын участок. Жылу құбырлары көп жарылады. Сондықтан біз ауыстырып жатырмыз.

Мегаполистің 40% жылу жүйесі осындай жағдайда тұр. Олардың дені Кеңес үкіметі дәуірінен қалған. Шіріген құбырлар жоғары қысымды көтермейді.

Пердебай Сәбитов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директоры:

- Әрине, қыста ескі құбырлар істен шыққан кезде жылу энергиясын өз деңгейінде жеткізе алмаймыз. Бір маусымда құбыр жарылудың 180 жағдайы тіркелген. 200 шағым түскен.

Ескі құбырлар мәселесі биыл шешімін табады. Ол үшін қала бюджетінен 2 миллиард теңге бөлінген. Алайда, түйіткілдің түйінен түбегейлі тарқатуға бұл қаражат аздық етеді. «Мұндай көлемде қаржыландыру арқылы айтулы мәселені 5 жылдан кейін ғана толық шешуге болады», - дейді мамандар.

Пердебай Сәбитов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директоры:

- Кеңес Одағы кезеңінен кейін қаржы дұрыс бөлінбеген. Осылай мәселе қордалана берген. 3 жылда жылу жүйелерінің 60%-ін жаңарттық. Биыл тағы 20%-ін ауыстырып жатырмыз. 4-5 жылда қалған бөлігін толық жаңалап шығуға болады.

Бірінші кезекте пәтер иелері кооперативі жоқ, қараусыз қалған 400-ге жуық тұрғын үйге көңіл бөлініп отыр. Бұл үйлердің тұрғындары жылу маусымына алдын ала дайындалуды әдетке айналдырмаған. Сондықтан қыс бойы бүрсеңдеп шығады.

Бақтияр Беркімбай, қала тұрғыны:

- Тура қыстың күні қысым берген кезде жарылып, әр жерді тесіп жататын еді. Қатты аязда, суық ұрған кезде мына жылу өте керек.

Мамандар жертөледегі ақауларды жөндеп, жылу маусымына дайындауды тұрғындар өз қаржысы есебінен жүргізуі тиіс екенін айтады. Осыны ескеріп, құбырын жаңалап алған үйлерде жылуға қатысты мәселе жоқ.

Қаладағы қазандықтар мен сорғы станцияларында да қысқа дайындық басталған. Олар қыркүйек айының соңына дейін барлық жұмысты толық аяқтаулары керек. Бұл нысандардың дайындығын бақылайтын арнайы штаб та құрылған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов