Елімізде ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия бақыланбаған

Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны жымқыруда жылдан-жылға бірдей схемалар қолданылып келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтуынша, субсидиялау ережелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне толы. Ақпараттық жүйелер алаяқтарға келгенде осал. Бөлінген субсидияның мақсатты жұмсалуы бақыланбайды. Мұндай тәсілдер жемқорларға жол ашып беріп отыр. Мал және егін шаруашылығына, суармалы жер, жайылымға бөлінген қаражат діттеген жеріне жетпей шенеуніктердің қалтасына кетіп отырған. Тіпті базадағы ақпараттарды фермерлердің атынан электронды цифрлық қолтаңба жасап, бұрмалағандар болған.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Жемқорлыққа жол берген біраз фактілер ашылды. Қылмыстық істер анықталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында біздің Қазақстан шекарасынан заңсыз Өзбекстанға мал тасымақ болған қылмыстық топ ұсталды. Шаруашылыққа берілетін субсидияларды жымқырған фактілер анықталды. Ол бойынша аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы қызметкерлер жауапқа тартылып жатыр.

Ал жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тексеру бойынша 20-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Субсидияларды жымқыруда жемқорлар жыл сайын бірдей тәсіл қолданған.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі саладағы қордаланған мәселелерді жою бойынша 170-ке жуық ұсыныс тастады.