Алаяқтар ақтөбеліктің атынан төрт миллион теңгеге жуық несие рәсімдеген

Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша интернет алаяқтарына қатысты 101 іс тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24» Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бөлімшелерінде бүгінгі күні 112 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның ішінде 101-і интернет алаяқтық. «Алаяқтықтың бұл түрі кең тараған. Адамдар жоқ тауарларды сатып алуға ақша аударады. «Өзін банк қызметкерімін» деп таныстырған бейтаныс адамдардың өтініші бойынша басқа шоттарға қаржысын аударады және ұрланған немесе жоғалған жеке куәлігі секілді құжаттарына селқос қарайды. Мысалы қараша айында алаяқтар интернет ресурстар арқылы жергілікті тұрғынның атына жалпы сомасы 3, 7 млн теңгеге кредит ресімдеді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Банк қызметкерлері карта мәліметтерін, SMS және CVV кодтарды сұрайтындарға сенбеуге шақырды. Сондай-ақ алаяқтар көбіне «Бұл банктің қауіпсіздік қызметі. Біз күдікті транзакцияны таптық, картаны бұғаттау керек. Деректеріңізді айтыңыз», - деп алдайтынын баса айтты.