Павлодарда автобус жүргізушісі есірткі қабылдап алған

Шегі қата күлген автобус жүргізушісінің есірткі қабылдағаны белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Сондай-ақ ол осы күйде рөлге отырған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Нұрмағамбетов көшесінде бағдаршамға тоқтап тұрған «ПАЗ-32053» автобусы жүргізушісінің оғаш мінезіне назар аударған. Салонда ешкім болмаса да, жүргізуші қолдарын ербеңдете бұлғап, шегі қата күліп, үнемі айналасына жалтақтаумен болған. Полицейлер тексеру үшін автобусты тоқтатты. Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, медициналық куәландыру жүргізушінің есірткіге елітіп алғанын растады.

Жүргізушінің айтуынша, ол ауырып тұрғандықтан есірткіні ауырсынуды басу үшін қабылдап алған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 608 бабының 1 бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды. Материал сотта қаралып, сот қаулысымен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.