Алтай қаласында қоқыс полигоны өртеніп жатыр – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласының өрт сөндірушілері алты күн бойы тілсіз жаумен күресіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы қоқыс полигоны отқа оранды. Өрттің аумағы әлі күнге дейін анықталған жоқ. Соңғы деректерге сүйенсек, қызыл жалын тұрмыстық қалдықтар үйілген аумаққа таралып барады. Отпен күресуге қатты жел кедергі келтіруде. Төтенше жағдайлар қызметі ауыр техниканы да жұмылдырды. Ал жергілікті коммуналдық мекемелер арнайы техниканы іске қосты.

Марина Лискова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

Өрттің басталғанына бірнеше күн болды. Осы уақыт аралығында күш құрылымдарымыздың барлығын жұмылдырдық. «Адал тәртіп» кәсіпорнының техникасы су тасымалдап, өртпен күресуде. Қатты жел тұрғандықтан, тілсіз жаумен күрес шаралары күрделене түсті.