Алматыда Ақбұлақтағы атыс бойынша сот процесі жалғасуда

Прокурор И.Дужновты өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі отырыста тараптар пікір алмасты. Прокуратура өкілі өз сөзінде сотталушы Игорь Дужновтың бес адамды өлтірудегі кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы оның Украина аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысу фактісі дәлелденгенін атап өтті. Сондықтан Дужновтың әрекеттерін негізге ала отырып, прокурор соттан оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Әлішер Мырзаханов, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, соттан Игорь Иванович Дужновты кінәлі деп тануын сұраймын. Яғни Дужновқа жазасын төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтей отырып, мүлкі тәркіленбей өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында 55 жастағы алматылық кәсіпкер Игорь Дужнов аңшылық мылтықпен 5 адамды атып өлтірген болатын. Қайғылы жағдай Дужнов пен оның отбасын сот шешімімен үйінен шығаруға әрекеттенген кезде болған. Күдіктінің қолынан сот орындаушысы, оның көмекшісі, екі полицей және тұрғын үйдің жаңа иесі қаза тапты.