Атырау облысында мемлекеттік қызметкерлердің ісі сотқа жолданды

Атырау облысында 467 млн теңге жымқырған мемлекеттік қызметкерлердің ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі растады.

Еске салайық, бұған дейін өңірдегі құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» басшысы әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген бюджет қаражатын қолды еткені анықталған. Қазір жауапкершілігі шектеулі серіктесінің директорына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ 79 млн теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды. Ал құрылыс басқармасының басшылары үйқамаққа алынды.

Әлібек Әділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері әлеуметтік нысандардың, яғни мектеп, 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория, спорттық-сауықтыру кешені құрылысына бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқыру дерегімен «Атырау облысы құрылыс басқармасы» ММ-ның лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» ЖШС-ның басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтап, іс сотқа жолданды.