Петропавлда құдық суы жанып жатыр

Саяжай тұрғындары құдықтан су алып, тосын құбылысқа тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер астынан шыққан сұйықтық кәдімгі бензин секілді лапылдап жанады.

Татьяна Черноморец, саяжай тұрғыны:

- Біз сол күні құдықтың суын мойшаға тасып жуынбақ болдық. Енді қарасақ бір иіс шығады. Оны жақсақ тірідей өртеніп кетер ме едік?! Бірден бәрін шайып, сұйықтықты ағызып тастадым. Қазір сусыз отырмыз.

Бұл Петропавлдағы ең ірі саяжай қауымдастығы. Қазір мұнда 2 мыңға жуық учаске бар. Тұрғындар бұл жағдайды жолдың бойындағы жанар – жағармай құю бекеттерінен көріп отыр.

Елена Юсипенко, Саяжай қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Жақын маңда жанар – жағармай құю бекеттері мен мұнай құбыры бар. Құдықтар терең. Енді өсіп шыққан өнімдерімізге алаңдап отырмыз.

Алаңдауға негіз бар. Ең жақын жанар – жағармай құю бекеті небәрі 100 метр жерде тұр. Қазір мұнай тектес сұйықтықтың қайдан шыққанын олар да іздеп жатыр.

Камиль Наргузин, жанар-жағармай құю бекетінің инженері:

- Біздің қызметкерлер қазір құбырларды тексеріп жатыр. Оларға 6 атмосфералық  қысым берілді. Әзірге ештеңе байқалмайды. Тесік болса, жер бетіне шығар еді.

 

Тұрғындардың шағымы бойынша саяжай қауымдастығына экологтар да келіп, екі жерден сынама алып кетті.

Дамир Жұмабаев, Экология департаментінің бөлім басшысы:

- Қазір саяжайға келіп, құдық суынан сынама алдық. Оның құрамында мұнай өнімі бар ма, жоқ па ол зертханалық сараптамадан кейін белгілі болады.

Қазір саяжай тұрғындары өсімдіктерін суара алмай отыр. Суарған күннің өзінде де, жаз бойы күтіп – баптап келген өнімдеріміз бүлініп кетті ме деп қорқады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Сараптама қорытындысы бірнеше күннен кейін дайын болады. Экологтардың айтуынша, егер судың құрамынан шынымен де зиянды заттар табылса, оның қайдан шыққанын полиция қызметкерлері анықтайды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов