Ұлттық ұланның екі бірдей әскери қызметкері суицид жасады

Шілде айының соңғы күндері Ұлттық ұлан қатарындағы екі бірдей әскери қызметші өздеріне қол жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«29 шілде күні сағат 21.00 шамасында автопарктің тәуліктік кезекшілігінде тұрған қатардағы жауынгер Н.А. Оразбай кезекшіден дәретханаға сұранып кетеді. Біршама уақыттан кейін оны шақырып келуге шыққан кезекші сарбаз автопарк аумағында орналасқан қойма ішінде Н.А.Оразбайдың асылып тұрғанын көреді» – делінген ведомстводан түскен ақпаратта. Автопарктің кезекші қызметі Н.А.Оразбайға жедел медициналық көмек көрсетіп, санитарлық көлікпен Степногорск орталық қалалық ауруханасына жеткізген. Өкінішке қарай, дәрігерлер сарбаздың қайтыс болғанын айтты.

Айта кетейік, қатардағы Оразбай Н.А. 1995 жылы туған, Ұлттық ұлан қатарына 2021 жылдың күзінде Жетісу облысының Панфилов ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен шақырылған.

Ал 30 шілде күні сағат 05.15-те әскери бөлімге аға сержант А. С. Мерғалиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен.

Мән-жайды нақтылау кезінде жұбайының түнгі сағат 03.30 шамасында күйеуін үйінің дәретханасынан асылып тұрған күйінде тауып алғаны белгілі болды. Арнайы комендатураның қарауыл бастығы аға сержант Мерғалиев Абылай Серікұлы 1990 жылы туған, үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет еткен.

Аталған фактілер туралы кезекші қызмет желісі бойынша тиісті органдарға хабарланды. Оқиғалардың мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге тыйым салынған.