Шымкентте жеделсаты істен шығып, жұрттан маза қашты

Тоғыз қабатты үйдегі лифт істен шыққалы жұрттан маза қашты. Бір күн істеп, екі күн тоқтап тұратын жеделсатының қолайсыздығынан тұрғындар жаяу көтеріліп, түсуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал іске қосылған күннің өзінде, есігі ашылмай қала ма деп қорқады.  Өйткені жиі тұрып қалады. 

Аягөз Қаңлыбаева, қала тұрғыны:

- Лифт постаянно бұзылады. Бір күн шақырсаң істеп береді. 10-15 минуттан кейін тағы бұзылады. Одан кейін шақырсаң қолымыз тимей жатыр или вообще телефондарын көтермейді. Менің еще астматигім бар. Мен мысалы қалып қойып шыдай алмай жедел жәрдем шақырған кездерім болған.

Нұрсәт-2 шағын ауданындағы бұл үйлердің қордаланған мәселесі шаш етектен.  Себебі әр жерінен жарылған инженерлік құбырдан су ағады. Ал күзде аулаға шалшық су жиналады. Салдарынан үйдің қабырғасына сызат түсіп, сыз тарта  бастады, - дейді тұрғындар.Ал көппәтерлі үйге қызмет көрсетуші мекемеден қайыр жоқ екен. 

Мына жақ толады. Жаңбыр жауса болды ғой мына жақтан су түседі. Мына насосты сатып алып қойғанбыз. Мыналарды да өзіміз құйдырғанбыз. Осы жақа дейін тасиды.

Анар Сәрсенбекқызы, қала тұрғыны:

- Бүкіл тұрғын договорды көрсет дейміз. Бар дейді. Бірақ жоқ. Ақшаны алып жатыр ай сайын. Көтергісі келсе көтеріп алады өздері. Лифт аптасына жеті күннің төрт күнін жаяу шығамын мен еңбектеп. Үш күн істейтін шығар или екі күн.

Қатар бой көтерген көпқабатты үш үйдің құрылысы 2016 жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйге 320 отбасы қоныстанған. Тұрғын үй құрылысын жүргізген мекеменің кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен әрі қарай күтіп ұстау пәтер иелеріне жүктеледі. Ал лифтілердің  қауіпсіздігіне жауапты басқарма  бар. Олар тұрғындардың шағымына қарай, тексеру жүргізеді. 

Әбдімомын Сырымбетов,  қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Заң аясында жұмыс істемейтін жедел сатыға ақы төлеуге болмайды. Ол келісім шартта көрсетілген. ҚР бекітілген ережесі бар жүк көтергіш механизмдердің қауіпсіздік шаралары бойынша пайдалану деген. Соған сәйкес жұмыс жүргізілуі керек. Егер де айтылған мекеме тиісті түрде өзінің қызметін атқармаса олар ауыстыра алады. Сол туралы тұрғындарға түсіндірілді.

Енді тұрғындар келісім шарт негізінде тиісті қызметін көрсете алмаған жауапты мекемеге тағы да бір ай уақыт бермек. Егер осы уақыт аралығында бар мәселені толық шешіп бермесе, біраз жыл  негізсіз ақы төлеп келгендері үшін сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов