Ақмолада бизнесмендердің ақшасын тартып алып отырған топ ұсталды

Ақмола облысында кәсіпкерлерден ақша бопсалап келген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.

Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, 26 мен 32 жас аралығындағы 6 адам ұсталған. Олар қоқан-лоққы көрсетіп, күш қолдану арқылы жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 2 жарым миллион теңге жеке қаражатын иемденіп, оның автокөлігін де тартып алған. Сондай-ақ күдіктілердің облыс аумағында бірқатар ұқсас қылмыстар жасауға қатысы бар екені де белгілі болды. Тінту барысында олардан жәбірленушілерді қорқыту үшін қолданылған есірткі, суық және атыс қаруы тәркіленді. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ал күдіктілердің үшеуі қамауға алынды.