Елімізде кәсіпкерлерді заңсыз тексергендер сотталды

Биыл елде бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласудың 72 фактісі анықталды.

165 сотқа дейінгі тергеу басталып, 112 лауазымды тұлғаның іс-әрекеті әшкереленді. 65-і сотталды. Белгілі болғаны - кәсіп иелерін заңсыз тексерушілер көбіне жұмыстың атқарылғандығы туралы актіге қол қою, рұқсат құжаттарын беру кездерінде пара талап еткен. Жемқорлыққа қарсы қызмет аталған жағдайларға қатысты мемлекеттік органдардың басшыларына парақорлық қылмыстарды болдырмау үшін ұсынымдар берді.

Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыс тобының кезекті отырысында айтылды. Онда кәсіпкерлердің өңірлерден түскен арыз-шағымдары қаралды. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы стандартты қолдайтын шағын бизнес иелерін қолдауды арттырып, жеңілдік жасау мәселелері талқыланды.