Ресейде қазақстандықтар бес сайлау учаскесінде дауыс бере алады

Мәскеудегі №265 сайлау учаскесінде біздің тілшіміз Дана Нұржан жұмыс істеп жатыр. Қазір ол тікелей эфирде.

Диктор:

- Дана, сәлеметсіз бе? Бұл учаскедегі сайлау қалай жүріп жатыр?

Дана Нұржан, тілші:

- Мәскеуде қазір сағат 11. Ресейдегі Қазақстан елшілігінде ашылған 265 сайлау учаскесі жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден бері ашық. Мәскеуден бөлек, Ресейде қазақстандықтар тағы 4 сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Олар Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыдағы еліміздің Бас консулдығында орналасқан. Дауыс беру үшін өзіңізбен бірге төлқұжатыңыз немесе жеке куәлігіңіз болуы қажет. Ал Ресей астанасында індетке байланысты жағдай әлі күрделі. Сондықтан санитарлық сақтық шараларына ерекше көңіл бөлінген. Жаңа тәртіпке сай дауыс беру кабиналары перделермен бөлінбеген. Бірақ осыған қарамастан олар дауыс беруші көрінбейтіндей етіп орналастырылған. Адамдардың бір жерге көп жиналмауы да қарастырылған. Барлығына әлеуметтік арақашықтықты сақтау ескертіліп жатыр. Ғимаратта зарарсыздандыру жұмысы әр сағат сайын жүргізілуде. Қолға алынған шаралар жайлы бізге дауыс беру учаскесі комиссиясының төрағасы Еркін Тукумов баяндап берді.

Еркін Тұқымов, №265 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Қазақстан Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауы Ресей Федерациясының эпидемилогиялық талаптарына сай өтуде. Атап айтқанда, сайлау учаскесінде температуралық бақылау бар, барлық сайлаушылар қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Диктор:

- Қазірге дейін бұл сайлау учаскесінде қанша адам дауыс беріп үлгерді, бұл туралы ақпарат бар ма?

Дана Нұржан, тілші:

- Көрсеткіштер әр сағат сайын жаңартылып беріліп жатыр. Сайлау учаскесі комиссиясының хатшысын тыңдап көрейік.

Руслан Шаймағанбетов, №265 сайлау учаскесінің хатшысы:

- Мәскеу уақытымен таңғы сағат 20:00-де Мәскеудегі Елшілікке 62 Қазакстан азаматы келіп дауыс берді. Біз әр сағат сайын СІМ орталығына осы сандарды жеткізетін боламыз. Енді эпидемиологиялық жағдайға байланысты көптеген азаматтарға елге оралуға тура келді. Сол себепті қазіргі таңда 1167 адам біздің тізімде бар. Сол адамдарды күтеміз.

Дана Нұржан, тілші:

- Сайлау учаскесінде дауыс берушілер легі көп болады деп күтілмейді. Әдетте Мәскеуде сайлаушылардың басым бөлігі студенттер мен курсанттар болатын. Бірақ карантин шараларына байланысты олар Қазақстанда. Сол жақта дауыс беріп жатыр. Менде әзірге осы. Біз дауыс беру поцесін одан әрі қадағалаймыз.