Мәжіліске энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қатысты заң жобасы таныстырылды

Мәжіліске Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бейнеконференция форматында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері туралы заң жобасын таныстырды.

Жиынға Мәжіліс төрағасының орынбасары Б.Кесебаева, Мәжіліс депутаттары, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов, мүдделі мемлекеттік органдардың, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Отырысты ашқан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы А.Милютин 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев XXI ғасыр әлемі болашақта да жаһандық экономика мен еліміздің экономикасын дамытуда ерекше орын алатын табиғи ресурстарға мұқтаж болып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов заң жобасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге және ол мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат сынды негізгі бағыттарға бөлінгенін атап өтті.

Жауапты министрлік өкілінің айтуынша, ол біріншіден, ірі кәсіпорындарда (жылына 1 500 т.т. астам тұтынатын) энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады, олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ.

Екінші, энергия аудиторларына үміткерлерді аттестаттау бойынша функцияларды қызметкерлердің лайықтылығын растау жөніндегі органдарға беру ұсынылады (бүгінгі күнге аттестаттауды уәкілетті орган жүргізеді).

Бұл шара сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, нәтижесінде жүргізілетін энергия аудиттерінің сапасын жақсартпақ.

Үшіншіден, энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жергілікті деңгейде энергия үнемдеу жөніндегі шараларға бағытталған бағдарламалар жоқ. Осыған байланысты вице-министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдарға жол карталарын қабылдау және іске асыру бойынша құзырет беру ұсынылады.

Сонымен қатар осы бағытта энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту мақсатында мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін және энергия тұтынатын жабдықтар нарығын қайта құруға серпін беретін энергия тиімді мемлекеттік сатып алуларды енгізу.

Сондай-ақ энергия үнемдеу саласы үшін жаңа мемлекеттік бақылау тетігін, яғни субъектілерге бармай профилактикалық бақылауды енгізу, оны жүргізу тәртібін айқындау көзделеді. Заң жобасын таныстыру барысында вице-министр депутаттар мен қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Отырыста көтерілген мәселелер мен ұсыныстар одан әрі Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.