Сенаторлар ел бюджетіне өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңды қабылдады

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Осылайша, алдағы үш жылдың бюджеті нақтыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Бұл медицина және ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақыларын көбейтуге, еңбекақы төлеудегі теңгерімсіздікті жоюға, студенттердің стипендиясы мен талапкерлерге арналған білім гранттарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жобаларға да тың серпін беріледі. Оның ішінде 3500-ден астам ауылды жаңғырту, жолдар салу және жөндеу, қазақстандықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті. Осы қаржының есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Одан бөлек, бір мыңнан астам әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыспен қамтудың жол картасын қосымша қаржыландыру арқылы 127 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам бизнес-жобаға несие беріліп, соның нәтижесінде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Нақтыланған бюджет еліміздің экономикалық дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Ол барлық бюджеттік шығындар нақты нәтиже беруі керектігіне назар аударып, бюджет қаражатының әр тиынына дейін орнымен жұмсалуға тиіс екенін айтты. Бюджет тапшылығын қысқарту да маңызды міндет болып қала береді. Бюджеттің елеулі бөлігі Ұлттық қордан трансферттеу арқылы құралады.

«Біз Ұлттық қорға сене бермей, бюджет шығындары қандай кірістердің есебінен қамтамасыз етілетінін нақты білуіміз керек. 2022 жылы Ұлттық қордан 550 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферт қарастырылып отыр. Соны ескерсек, келесі жылы да салық түсімдерін бюджеттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланып отырмағанын байқаймыз. Әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін біз тағы да Ұлттық қордағы қаражатты пайдалануға мәжбүрміз. Бұл жоғары білімді кадрлармен қамтамасыз ету, ішкі істер органдары мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіру, жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын көбейту және тағы басқа жұмыстарға қажетті қаражат. Оның бәрі тұрақты сипатқа ие шығындар. Сол себепті ол Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансферт есебінен қаржыландырылмауы керек», – деді Сенат депутаты Ольга Перепечина.

Сенаторлар алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдар экономиканы әртараптандыру мәселесіне баса мән беріп, пандемия салдарын азайтуға және бөлінген қаражатты, оның ішінде Ұлттық қор трансфертін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті.

Айта кетейік, Бюджетке түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды қаржыландыру аясында енгізіліп отыр. Сондай-ақ 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Мәжіліс сайлауында қазақстандықтардың басым бөлігі қолдаған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлау алдындағы бағдарламасын іске асыру үшін де қаржы қарастырылды. Одан бөлек, түзетулер коронавирус індетімен күресті күшейтіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруға да ықпал етеді.

Сонымен қатар Сенат отырысында сайлау туралы заңдар да қабылданды. Енді аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлауда сайланады. Сайлауға жасы 25-ке толған азаматтар қатыса алады. Сайлау науқанына қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұл нормалар сенаторлар қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңында жазылған.

«Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 процентке дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ жергілікті әкімдердің сайлауын өткізу басқару жүйесінің тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, қабылданды. Депутаттардың айтуынша, қабылданған Заң саяси бәсекелестікті күшейтіп, қоғамның азаматтық белсенділігін арттырады және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толығымен іске асыруға ықпал етеді.

«Бүгін қабылданған заңдар азаматтардың ауыл әкімін сайлауына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жергілікті басқару құрылымын нығайту ісіне араласуларын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда елімізде 2 345 ауыл әкімі жұмыс істейді. Заң күшіне енгеннен кейін осы жылдың екінші жарты жылдығында 836 әкімді тікелей дауыс беру арқылы сайлау мүмкіндігі туады. Әкімдердің төте сайлануы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктері мен проблемаларын назар аудару мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді», – деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.