Сарапшы: Ауғанстан азаматтарын қабылдау тиімсіз

«Талибанның» мыңдаған қарсыласы Ауғанстанға жақын елдерде орналасқаны тиімсіз. Бұл жөнінде өзбекстандық саясаттанушы Равшан Назаров айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізде болса, Bloomberg ақпараттық агенттігі АҚШ тарапы Қазақстан, Тәжікстан және де Өзбекстаннан 9 мың ауған азаматын қабылдауды сұрағанын жазған болатын. Бұл өтініштен Өзбекстан бас тартты. Себебі көрші мемлекет босқындардың статусы жөніндегі конвенцияға қосылмаған. Сол себепті республиканың құқықтық негізі жоқ. Ал саясаттанушы Равшан Назаров АҚШ-қа көмектескен ауғанстандықтарды Орталық Азия елдері қабылдайтын болса, «Талибаннан» төнетін қауіп еселене түседі деген пікірде.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

– Гуманитарлық тұрғыдан қарайтын болсақ, әрине, көмек көрсету керек. Өйткені «Талибан» басшылығы әскерилер мен Президент әкімшілігі қызметкерлеріне тиіспейтіндіктерін айтып жатыр. Бірақ қарамағындағылар ол уәдені орындап жатқан жоқ. Ал қазір Орталық Азия елдері АҚШ-тың өтінішін орындайтын болса, онда «Талибаннан» төнетін қауіп еселене түседі. Өйткені олардың мыңдаған қарсыласы жақын маңдағы елдердерде болғаны тиімсіз. Сондықтан мәселені жіті зерделеп барып шешу керек.