Нью-Йоркте Қазақстанның гендерлік саясаты туралы фотокөрме ұйымдастырылды

Нью-Йоркте Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанына 30 жыл толуына орай арнайы фотокөрме өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тақырып – гендерлік теңдікті нығайту және әйел құқығы. Суреттерде еліміздің негізгі гендерлік жетістіктері ұсынылған. Олардың ішінде: әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімін жою, кәсіпкерлік қолдау орталықтарының жұмысы көрсетілген. Шара халықаралық қауымдастықтың Әйелдер жөніндегі комиссиясының 66-шы сессиясы аясында ұйымдастырылды. Жиында қыз-келіншектерге қатысты ғаламдық мәселелер талқыланды.

Ләззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы:

- Осы кезге дейін дәл осы ұйымда гендерлік теңдікке жеттік деді, ал енді осының кепілдігі ретінде ендігі БҰҰ-ның төрағасы әйел азамат болсын деген ұсыныс болды. Әрине бұл біздің Қазақстанға да жаңа серпін береді деген ойдамыз. Себебі еліміз егемендік алғалы бері әйел азаматының мәртебесін көтермесе, түсірген жоқ. Еліміздегі әйелдердің саны 51.2 пайыз болса, оның ішіндегі саяси өмірге араласып жүрген әйелдердің саны жылдан жылға асуда. Өткен жылы мемлекет басшысының бастамасымен саяси партиялар мен жастар ұйымындағы әйелдердің үлесін 30 процентке жеткізу деген ұстаным орындалса, ендігі мақсат осы орындарды нақты квоталарға айналдыру.