Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласында жаңа әріптестік орнатты

Оның аясында бірлескен жобалар қолға алынуы мүмкін. Көршілес мемлекет ең алдымен Жер маңы орбитасындағы қазақстандық спутниктерді пайдалануға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол арқылы Өзбекстан территориясының ғарыштық мониторингін жүргізбек. Таяуда арадағы әріптестікті нығайтуға арналған үкіметаралық келісім бекіген болатын. Әзірге Өзбекстанның орбиталық спутниктері жоқ. Сондықтан ғарыштық түсірілімдер жасау, жерді қашықтан зондтау мақсатында Қазақстанның көмегіне жүгінуге дайын.

Айдын Айымбетов «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Осы сапар аясында стратегиялық маңызы зор су ресурсын тиімді пайдалану мәселесін талқыладық. Оған алдағы уақытта ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек, Қазақстан ғарыш сапары компаниясы аясында жүзеге асыратын 3 жоба таныстырылды. Біздің келешекте ғарышқа ұшырылымды модельдей алатын да мүмкіндігіміз болады.

Шухрат Қадыров «ӨзбекҒарыш» агенттігінің басшысы:

– Қазақстанның аэроғарыш комитетімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Мамандардың бұл бағытта мүмкіндігі мол деп ойлаймын. Қазақстанның ғарыш саласында заманауи инфрақұрылым бар. Спутниктік аппарат құрастыратын зауыты да жұмыс істейді.