Ақтөбеде ҚХР бас консулдығы ашылады

Сиан мен Ақтөбе қалаларында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының бас консулдығы ашылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И хабарлады. Қытайдың сыртқы саяси ведомство басшысы еліміздің Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстанға ресми сапармен келді. Оның сыртында «Орталық Азия – Қытай» форматында сыртқы істер министрлерінің ІІІ отырысына қатысады. Тараптар екі елдің мәдени орталықтарын құру мәселесін пысықтады. Мұхтар Тілеуберді өзара сауданы ынталандыру, транзит-көліктік және логистикалық салалардағы кооперацияны нығайту, адам алмасу мен жолаушылар әуе қатынасын қалпына келтіру бағытында күш біріктіру қажеттігін айтты. Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы мен шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысы жанданғанын хабарлады.

Мұхтар Тілеуберді ҚР Премьер-министрінің орынбасары  Сыртқы істер министрі:

Биыл 1 маусымнан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әуе қатынасы қалпына келтірілгенін ризашылықпен атап өтемін. Рейстерді «Air Astana» мен «China Southern Airlines» компаниялары орындайды. Тараптардың шешімімен рейстердің жиілігі әзірше аптасына екі мәрте іске асырылады деп ұйғарылды. Сонымен қатар мемлекеттеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз ықпалдастықты іске асырып келеді.

Ван И, ҚХР сыртқы істер минисрі:

– Алдағы уақытта ынтымақтастық комитеті, аймақаралық әріптестік сияқты механизмдерді барынша дамытамыз. Қытай Глобал өткізу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін арттырамыз. Сонымен қатар 5G саласында жаңа нысандарды ашу, мәліметтер дерегін ұлғайту және жасанды интелектті күшейтетін боламыз.