Елде биыл қанша үй салынады – Ә.Смайылов

Елде биыл үй құрылысы қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында бірінші болып индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі баяндама жасады. Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй кезегіне қою ісі өзгеретінін айтты. Қазір бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар атқарады. Енді Мәжілістің қарауында жатқан заң жобасы қабылданса, қазақстандықтарды үй кезегіне қоюмен әкімдік айналыспайды.

Қайырбек Өскенбаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда, ол санаттарға тиесілігіне қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарды орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асыратын болады.

«Отбасы банкі» ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Бірақ аты өзгермейді. Оның базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» пайда болады. Яғни енді атында үйі жоқ азаматтар сол жерге барады. Жаңа құрылым тұрғын үйге мұқтаж барлық адамды орталықтандырылған жүйеде есепке алумен айналысады. Сөйтіп жұрт бір терезе қағидасымен бір жерден-ақ кезекке тұрады. Әкімдікпен ісі болмайды. Қазір баспанаға мұқтаж адамдар тек алты санат бойынша пәтер ала алады. Алдағы уақытта «көпбалалы отбасы», «жетім» деп бөлмей-ақ, үйі жоқтың бәрін кезекке қоюға мүмкіндік жасалмақ. Әрі ең бастысы біреу біреудің алдын орап кетпейді. Баспана қатаң түрде ретпен беріледі.

Елде биыл үй құрылысы қарқын алды. Тек Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстанда көрсеткіш төмен. Барлық есепті тыңдай келе, министрлер кабинетінің басшысы биыл қанша үй салынатынын айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 138 мың отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, 5 айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Кезектегінің бәрін бірер жылда үймен қамту мүмкін емес. Сондықтан қосымша шаралар қабылданды. Мысалы, бір адам үйді жалға алса, оған төлейтін ақысын мемлекет субсидиялайды. Биыл осындай көмекке 70 мың азамат ие болмақ.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы