Ресей өз аумағында жүрген Қазақстан азаматтарын әскерге шақыра алмайды – ҚР СІМ

Бүгін әлеуметтік желілерде отандасымызға көрші елдің жергілікті әскери бөлімнен шақырту келгені туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі мән-жайды анықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер азаматтарымызға Ресейдің әскери бөлімінен шақырту келсе, төл құжатын көрсетіп, елшілікке хабарласуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі Қазақстанның да, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының да Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңге кіріспейтінін мәлімдеді. 

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

– Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және халықаралық құқықпен бекітілген БҰҰ-ның жарғысына сәйкес бейбіт, қатар өмір сүру қағидасын ұстанады. Тұтастай алғанда Ұжымдық қауіпсіздік және шарт ұйымының жауапкершілігі аймағы, ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық танылған аумақтарымен нақты белгіленген және Ұжымдық қауіпсіздік осы аумақтар шетінен қамтамасыз етіледі. Осылайша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ресей – Украина арасындағы қақтығысқа қатысу мәселесі күн тәртібінде жоқ.

Ал Ресейдегі этникалық қазақтардың әскерге шақырылуына Қазақстан тосқауыл қоя алмайды. Себебі олар – Ресей азаматы. Біздің ел өз тарапынан қандастарды елге көшіру жұмыстарын тәуелсіздік алғалы жүргізіп келеді. Жыл сайын белгіленген квота бар. Сол тәртіп бойынша құжатын рәсімдеп, елге келем дегендерге есік ашық екенін айтты министрліктің ресми өкілі.