М.Әшімбаев Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті.

Жиында жаңа Қазақстанды құру және оған қажетті қадамдар сөз болды. Сенат Спикері Мемлекет басшысы Жолдауындағы басты тапсырмаларға тоқталып, экономикамызды дамытудағы басымдықтар жайында айтты. Клуб мүшелері салық мөлшерлемесі мен басқа да әлеуметтік аударымдардың халықаралық тәжірибесі туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, олар қазіргі санкциялық текетірес кезінде отандық бизнесті стратегиялық дамыту мәселелеріне қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бізге қазір алдағы жылдарда Қазақстанда кәсіпкерлерге жұмыс істеуге, өз кәсібі мен бизнесін жүргізуге мүмкіндік беретін нақты ережелер қажет. Бұл әділ, ашық, демократиялық Қазақстанның жаңа парадигмасын қалыптастырудың алғашқы қадамы. Жолдаудан туындайтын екінші міндет – Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік секторды және өзге де тетіктерді реформалау арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Тағы бір басымдық, біз экономиканы белсенді түрде несиелеу бойынша мақсатты қадамдар жасауымыз қажет. Президентіміз басты ережелерді атап өтті. Енді біз өз ұсыныстарымызды беріп, оларды негізгі қатысушы тараптарға жеткізуіміз керек. Сондай-ақ әрі қарай сол ережелерді ұстануға тиіспіз.