Мемлекет басшысы Павлодар алюминий зауытына барды

Облыстың металлургиялық кластеріндегі кәсіпорындар шығарған дайын өнімдерді көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жерде бастапқы алюминийден бастап радиаторлар және автомобиль дискілеріне дейін түрлі өнім шығарылады. Ірі комбинатта 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұдан кейін ERG өнеркәсіптеріне қатысты Экологиялық стратегияны жүзеге асыру жайымен танысты. 2030 жылға дейін қатты қалдықтардың көлемін 50 мың тоннаға азайту жоспары бар. Бұл орайда зауыттар мен жылу электр стансаларындағы сүзгілер ауыстырылады. Ұжыммен емен-жарқын әңгімелескен Қасым-Жомарт Тоқаев акционерлердің барлық әлеуметтік міндеттемені орындауы маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер Қазақстан Республикасы индустриясының флагманы саналатын өте маңызды кәсіпорында жұмыс істейсіздер. Мен жаңа ғана презентацияларды көрдім. Кәсіпорынның қызметімен таныспын. Мұнда адамдардың қалай жұмыс істейтінін және қандай өнімдер шығаратынын білемін. Олар Қазақстан Республикасына қажет және шетелде үлкен сұранысқа ие. ERG тобы кәсіпорындарының басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға және тиісті нысандардың құрылысына ерекше назар аударады. Осы орайда біз әрқашан қолдаймыз. Сіздерге сәттілік тілеймін.