Үкімет басшысы СҚО активіне жаңа әкімді таныстырды

Өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Руслан Аңбаев пен Айдарбек Сапаровтың кандидатураларын қарап, Айдарбек Сапаровты лайықты деп таныды. Оған халық қалаулыларының 118-і дауыс берген.

Облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов өңір басшылығының алдында СҚО-ның экономикалық және әлеуметтік салаларын жан-жақты дамыту міндеттері тұрғанын атап өтті.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуын бақылауда ұстау мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді де міндеттеді.

Тағы бір маңызды мәселе – ол өңірдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдау.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Облыста жобалау сатысында 43 инвестициялық жоба бар. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек әрі қарай. Сондықтан инвесторларға тиісті жағдай жасап, өңірдің дамуына серпін беретін индустриялық жобаларды іске асыру қажет. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электрмен жабдықтау, әлеуметтік нысандарын жаңғырту, тұрғын үй және оның коммуналдық инфрақұрылымын шешу жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басты міндеттер болып табылады.