Ақтауда қыздар арасында еркін күрестен республикалық турнир өтіп жатыр

«Aktau Open» ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорттық сайысқа алты облыстан жүзге тарта палуан қыз қатысуда. Олар жасына қарай екі топқа бөлініп, 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Күн соңында жеңімпаздардың кеудесіне «Спорт шеберіне кандидат» төсбелгісі тағылады. Сондай-ақ грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі, Турнир еркін күрестен Қазақстан біріншілігіне іріктеу кезеңдерінің біріне жатады.

Әсем Қайболлаева, турнирге қатысушы (Ақтау қ.):

- 2019 жылы Қарағандыда өткен чемпионаттан 1-орын алдым. Одан шығып, үлкен дәрежедегі Азияға барып келдім. Одан 3-орын алып келдім. Осы жарысқа 56 келі дәрежесінде шығайын деп тұрмын. 1-орын аламын деген үміттемін.

Александр Цыганов, жарыстың бас төрешісі:

- Былтыр әр аймақта командааралық жарыстар өткізілді. Биыл бірнеше облыстан келген спортшылар Ақтауда бас қосып отыр. Турнир аясында санитарлық талаптар қатаң сақталады. Қатысушылардың жасы 15-тен басталады. Бүгін Маңғыстау өңірінің намысын 30-ға тарта спортшы қорғайды.