Жанкүйерлер «Барыстың» ойынын аренадан тамашалай алады

Хокккей жанкүйерлері 8 наурыздан бастап «Барыстың» ойынын аренадан тамашалай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ көрермен саны трибуна сыйымдылығының 30%-інен аспауы тиіс. Елорда командасы ертең Магнитагорсктің «Металлургімен» кездеседі. Күні кеше сырт айдында Михайлис шәкірттері Ресейлік команданы овертаймда 2:1 есебімен жеңгенін айта кетейік.

Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіндегі жалпы есеп: 1:1. Алғашқы матчта «Металлург» басым түссе, кеше «Барыс» қарымта қайтарды. Енді қарсыластар елордада екі кездесу өткізеді. Ертеңгі ойын көрерменсіз өтсе, 8 наурыздағы матчқа жанкүйерлер келе алады. Плей-офф кезеңінің жеңімпазы төрт кездесуде басымдық танытуы керек.