XXXII Жазғы Олимпиада ойындарына Шымкенттен 11 спортшы қатысады

Бүкіл әлем көз тіккен дүбірлі дода 32-ші жазғы олимпиада ойындарының басталуына санаулы уақыт қалды.

Байрақты бәсекеге Шымкенттен 11 спортшы жолдама алып, лицензия иегері атанды. Ел намысын қорғайтын үздіктермен бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кездесті.

Қала әкімі жаттықтырушылар мен спортшыларды маңызды сайыс алдында пікір алмасу үшін арнайы жинады. Алдағы жауапты жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен оралуына сенім білдірді.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Біздің өңірдің көп азаматтары чемпион болған. Қазақстанның туын көтеріп, бәріміздің мақтанышымызға айналған. Сіздерден де соны күтеміз. Тілектеспіз. Бәріміз үйде отырып, көріп, сіздерге жанкүйер боламыз.

Іс-шарада спорттың 7 түрі бойынша 11 лицензияны жеңіп алғандарға құрмет көрсетілді. Жеімпаздарға 2 миллион теңгеден тарту етілді. Бапкерлер де марапаттан тыс қалмады.

Спорт саласының үздіктеріне лицензияны жеңіп алу оңайға түскен жоқ. Өз рейтингін көтеру үшін түрлі сайыста топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Шымкенттік спортшылар стенд ату, оқ ату, каратэ мен бокс, көркем гимнастика мен дзюдо, сондай-ақ байдарка және каноэ спортынан жолдаманы жеңіп алды.

Софья Берульцева, каратэден Олимпиада ойындарына қатысушы:

Олимпиада ол әрбір спортшының мақсаты. Ол үлкен жауапкершілік. Қазақстанның атынан шығып, көк туды желбіретуге тырысасың.

Ал жерлесіміз Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан Олимпиада ойындарында төрешілік етеді. Ол сондай-ақ әлемнің үздік 50 бапкерінің қатарында.

Авторы: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов