Еуро-2020: Стерлинг пен Кейн Германияны жарыстан шығарып тастады

Басты фаворит жарыс жолынан шығып қалды. Футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр.

Көпшілік Германия құрамасын бас жүлдеге үміткер деп санап келген. Бірақ ол күні кеше Англияға есе жіберді. Лондон қаласында өткен матч 2:0 есебімен аяқталды. Ағылшындар сапынан 75-минутта Рахим Стерлинг, ал, 86-минутта Харри Кейн мергендігімен көзге түсті. Осылайша алаң иелері ширек финалға жолдама алды. Ал оның кезекті қарсыласы Глазгодағы «Хэмпден Парк» стадионында анықталды. Украина мен Швеция арасындағы матч тең нәтижемен аяқталды. Украина сапынан Александр Зинченко, ал, шведттер сапынан Эмил Форсберг бір-бір голдан соқты. Ал, қосымша уақытта Артем Довбик мүмкіндігін мүлт жібермей, Украина құрамасына жеңіс сыйлады. Осылайша, ширек финалға шыққандардың толық тізімі дайын. Жартылай финалдың жолдамалары 2-ші шілдеден бастап сарапқа салынады және ол 3 күнге созылады. Ал жарыстың жалпы қорытындысы 11 шілдеде белгілі болады.

ФРАНЦИЯ ВЕЛОКӨПКҮНДІКТІҢ КЕЗЕКТІ КЕЗЕҢІ

Алексей Луценко алдыңғы ондыққа жақындады. Францияның таулы-қыратты аумақтарында «Тур де Франс» бәсекесінің кезекті, яғни төртінші кезеңі өтті. Бұл жолы спортшылар Редон және Фужер елдімекендерінің арасындағы 150 шақырымды бағындырды. Нәтижесінде, британиялық Марк Кавендиш топ жарды. «Астана» сапындағы Алексей Луценко мәреге 14-ші болып жетті. Оның командаласы Якоб Фульсанг 80-ші, Стефан Де Бод 94-ші сатыларға тұрақтады. Қалғандары жүздікке іліге алмады. Жалпы есепте қазақстандық Алексей Луценко 11 орынға жоғарылады. Айта кететйік, биылғы веложарыс 21 кезеңнен тұрады. Осы аралықта қатысушылар 3400 шақырымды жүріп өтуі керек.

КӨКПАРДАН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ

Ширек финалға шыққан командалар белгілі. Елордада көкпардан Қазақстан кубогы жалғасып жатыр. Айта кету керек, құзырлы федерация бұндай форматтағы жарысты алғаш өткізіп тұр. Сонымен іріктеу нәтижесінде Түркістан мен Маңғыстау және Атырау мен Жамбыл облыстарының командалары финалдың жолдамасын сарапқа салады. Бұл кездесулер бүгін өтеді. Ал Меркі ауданы мен Алматы облысы және Қарағанды облысы мен елордалық командалар 5-ші және 6-шы орындарға таласады.  Финалдық тартыс 5-ші шілдеге жоспарланған. Ал, жарыстың жалпы жүлде қоры 12 миллион теңгені құрайды.

ТЕННИСТЕН ТАҒЫ БІР ЛИЦЕНЗИЯ ИЕМДЕНДІК

Бұндай мүмкіндік Елена Рыбакина мен Ярослава Шведоваға беріліп отыр. Олар жұптық сында ел намысын қорғайды. Бұған дейін ерлер арасында да жолдама алған едік. Сонымен қатар, жекелей сында 5 теннисшіліміз жарыс жолына шығады.