Жасұлан Қыдырбаев келесі Олимпиадаға қатысуы мүмкін

Ауыр атлетикадан әлем чемпионы болған алғашқы қазақ Жасұлан Қыдырбаев келесі Олимпиадаға қатысуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны мемлекеттік жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсірұлы жоққа шығармады. Жасұлан Қыдырбаев 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 94 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атанған еді. Ол қос сайыс қорытындысы бойынша 408 келіні көтерген. Кейін допинг дауына ілігіп, 8 жылға спорттан шеттетіліп қалды. Сөйте тұра, Жасұлан жаттығуын әлі де жалғастырып жатыр. 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға барып қалуы әбден мүмкін.

Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жапарқұл үлкен спорттан кеткенге ұқсайды. Ол жарыстардың бірінде ауыр жарақат алып, ауыр атлетикадан қол үзіп қалса керек. Жаттығуларға мүлдем келмей кеткен екен. Мемлекеттік жаттықтырушы оны үлкен спортпен қош айтысты деп топшылайды.