Паралимпиада жеңімпазы Давид Дегтярев елге оралды  

Токиодағы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Давид Дегтерев елге оралды. Чемпион мінген ұшақ бүгін түнде сағат 1-лер шамасында Нұр-Сұлтандағы әуежайға қонды.

Әлемдік додада топ жарып, ел мерейін асырған оғланға, жанкүйерлері зор құрмет көрсетті. Ол пауэр-лифтингтен  54 келі салмақ санатында үздік атанды. Осылайша, жерлесіміз аталған ойындарда алғашқы алтынды, ел қоржынына салды. Жүйелі жаттығу мен жақындарымның риясыз сенімі мені, жеңіске жетеледі, дейді спортшының өзі.

Давид Дегтярев, Паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

Бәрі тамаша өтті. Қалайда алтын аламын деген ойым жүзеге асты. Әрине, ол алдымен жаттықтырушымның ақыл-кеңесінің арқасында. Сондай-ақ маған сенім артып, жігер сыйлаған отбасым, достарым, күллі Қазақ елінің қолдауынсыз мұндай жетістікке жету мүмкін емес еді.

Юрий Колесников, жаттықтырушы:

– Давид өте елгезек шәкірт. Айтқаныңды бірден қағып алады. Сондықтан онымен жұмыс істеу маған аса қиынға соқпады. Кешегі жеңісін төккен тер, табанды еңбектің ақталғаны деп білем. Енді келесі жарыстарда да дәл осылай топ жару керек.