Парадзюдодан республикалық спартакиада өтіп жатыр

Елордалық дзюдошылар алдына жан салмады. Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы спартакиада өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күндері парадзюдо өкілдері өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, жалпы есепте жергілікті спортшылар топ жарды. Олардың еншісінде 1 алтын, 2 күміс және 3 қола бар. Екінші орынды Алматы облысының спортшылары алса, атыраулықтар үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, спартакиада 14 бағыт бойынша өтеді. Енді жарыс алаңына паратаэквондо, нысана көздеу, жеңіл атлетика және жүзу шеберлері шығады. Спорттық сайыс 5 қазанға дейін жалғасады.

Путинцева мен Дияс екінші айналымда. Дәл қазір елордада теннистен халықаралық турнир өтіп жатыр. Astana Open бәсекесінің кезекті күні қазақстандық Юлия Путинцева грузиялық Екатерина Горгодземен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 6:1, 6:2. Енді Юлия Беларусь өкілі Вера Лапкомен кездесіп, ширек финал жолдамасына таласады. Тағы бір жерлесіміз Зарина Дияс алғашқы айналымда ресейлік Анастасия Захарованы жеңді. Кездесу 3 сағатқа созылды. Қорытынды есеп: 7:6, 4:6, 7:5. Енді Зарина швециялық Ребекка Петерсонмен кездеседі. Кейінгісі әлемдік рейтингтің 86-сатысында. Ал Зарина 109-орында тұр. Елордадағы турнир 2 қазанға дейін жалғасады және оның жүлде қоры 200 мың АҚШ долларын құрайды.